Орталықтың негізін қалаушы Ақылбек Амантұрлыұлы мен Рахат Ғизаттулин садақ ату өнерін өскелең ұрпаққа насихаттауды мұрат етеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"АR" дәстүрлі садақ ату орталығы Ақтау қаласының 16-шағынауданындағы 73-үйінде орналасқан.
"Мұндай орталықты ашу сұраныс пен қажеттіліктен туындаған дүние. Садақ атуға машықтану адам денсаулығына аса пайдалы. Бала зейінін дамытуда, ойлау қабілетін тереңдету мен дәлдікке үйретуде, баланың дене тұрқының дұрыс, сымбатты болып жетілуіне септігін тигізуде садақ өнерінің ықпалы зор деп білемін. Сондықтан ұлттық өнерімізді дәріптеуге ден қойдық",-дейді орталықтың негізін қалаушы Ақылбек Амантұрлыұлы.
"Осыдан 4 жыл бұрын кәсіби дәстүрлі садақ атуды алғаш рет қолға алдым. Атырауға сапарлап барғанымда Batu han дәстүрлі садақ ату орталығының қызметімен таныстым. Сол орталықтан садақ ату техникасын үйрендім. Қазақ атқа мінгенде қалай рухтанса, жақ тартқанда да солай рухтанып кетеді екен. Сосын тек бір нысананы көздегесін жерде садақ атқанда ойың жинақталып, секунд сайын ағылып келіп жүректің тыныштығын алатын бей-берекетсіз ойлардан да арылады екенсің. Оның үстіне күзде Жаңаөзен қаласында тұңғыш рет өткен дәстүрлі садақ атудан ҚР чемпионатын тамашаладық. Қызығушылық одан сайын артты. Содан соң жігіттер болып Ақтау қаласынан "AR" дәстүрлі садақ ату орталығын ашып отырмыз",-дейді Рахат Ғизатолла.
Орталықтың инстаграм желісіндегі ресми парақшасы: @sadak_aktau